Астанада республикалық мүшәйра жеңімпазына 2 жарым миллион теңге берілді (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада республикалық мүшәйра жеңімпазына 2 жарым миллион теңге берілді (ФОТО)

01.07.2014
Астанада республикалық мүшәйра жеңімпазына 2 жарым миллион теңге берілді (ФОТО)

Астанада қала күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Мәңгілік ел - ұлт мұраты» жыр бәйгесі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мүшәйраға 60-тан астам ақынның шығармалары келіп түскен.
Жыр бәйгесінің бас жүлдесі (2 жарым миллион теңге) семейлік жас ақын Арман Шеризатовқа берілді.  
Бірінші орынды (1 миллион 500 мың теңге) алматылық Ақсүйрік Ізмұқанова иеленді.

Екі екінші орынды (800 мың теңгеден) Қарағандының тумасы, белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкен мен тағы бір қарағандылық ақын Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ілияс Мұқаев иеленді.

Үшінші орынға тігілген үш жүлдені (400 мың теңгеден) белгілі ақын Рафаэль Ниязбеков, жезқазғандық Кенжебай Ахметов және астаналық Талғат Ешенұлы өзара бөлісті.
 
Ынталандыру сыйлығы (150 мың теңгеден) бес ақынға берілді. Олар - моңғолиялық Шынай Рахметұлы, алматылық Батық Мәжитұлы, Қытайдан келген қандасымыз Серік Түсіпханұлы, ақтөбелік Балтабек Нұрғалиев, аягөздік Біржан Ахмер.

Сондай-ақ, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы Ербол Тілешев, Астанадағы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков тағайындаған үш арнайы сыйлық (100 мың теңгеден) астаналық Бақытжан Тобаяқовқа, шымкенттік Жарылқасын Боранбаевқа, ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаға бұйырды.

«Жүлде алған және мүшәйра қоржынына келіп түскен шығармалардың таңдаулылары жыл аяғына дейін жеке кітап болып басылады», деп хабарлайды ұйымдастырушылар.

Хабарламаларға жазылу