Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтті

03.11.2014
Шымкентте республикалық ақындар айтысы өтті

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Бұл додаға елімізге танымал Мұхтар Ниязов, Нұрлан Мұсаев, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Қажымұхан Абзал, Қанат Мырзахан, Есет Досалы, Қуаныш Шарманов, Талғат Мықи, Біржан Байтуов сыңды ақындар қатысты.

Оңтүстікте өткен тартысты додаға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы, сатирик, ақын Көпен Әмірбек, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Мұхамеджан Тазабек, жазушы Мархабат Байғұт, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Бахтияр Тайжан қазылық жасады. Айтысқа Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, әнші, жыршы, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Бекболат Тілеухан, «Нұр Отан» орталық аппаратының Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Өтелбайұлы келді.

«Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыстың қорытындысы бойынша Мұхтар Ниязов үшінші орынға ие болды (750 мың теңге). Екінші орын Қажымұқан Абзаловтың еншісіне тиді (1 миллион теңге).

Ал, бірінші орынды Бекарыс Шойбеков (1 жарым миллион теңге) иеленді. Бас жүлдеге Айбек Қалиев (2 миллион теңге) лайық деп танылды.

Айтысқа қатысқан ақындардың ешқайсысы бос қайтқан жоқ. Әр өнерпазға  500 мың теңгеден берілді. Ал «Қазайтыс» сайты дайындаған арнайы жүлде Нұрлан Мұсаевқа табысталды.

Хабарламаларға жазылу