Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Ұлықбек Есдәулеттің «Жылқы жылғы жүздесу» атты кеші өтіп жатыр.
Кеш Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулеттің60 жасқа толу мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Кешке мәдениет және әдебиет қайраткерлері, өнер жұлдыздары қатысуда. Шара Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтуде.
Біздің анықтама:
Ұлықбек Есдәулет - өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақындардың бірі. Ол 1954 жылы Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында туып, М.Горький атындағы қазақ орта мектебін бітірген.
Біраз жыл Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде қызмет етті. 1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында жұмыс істеген. 1983-1985 жылдары М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты оқып, бітірген.
Ақынның ең алғашқы өлеңдері республикалық мерзімді басылымдарда басылып, көп ұзамай, балауса жырлары кітаптан орын алды. 1974 жылы бір топ жас ақынның «Қанат қақты» атты топтама жинағы шыққанда оған Ұ.Есдәулетовтің алғашқы отыз шақты өлеңі кірген болатын.
Ұлықбек Есдәулет «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар» сынды өлеңдер жинағының авторы. Оның «Жұлдыз жарығы» атты жинағы өзінің қайталанбас ерекшелігімен құнды.
Ақынның әр өлеңінен табиғаттың түрлі көріністеріне жан бітірген шеберлікті сезуге болады.«Қайың», «Жаңбырлы таң», «Шығайықшы, тауға досым» сияқты өлеңдерінде де көздің жауын алар айшықты көріністер, сыршыл ырғақтар көп кездеседі.
|