Бүгін Астанада Ұлықбек Есдәулеттің «Алтайдың алтын тамыры» атты кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Астанада Ұлықбек Есдәулеттің «Алтайдың алтын тамыры» атты кеші өтеді

18.09.2014
Бүгін Астанада Ұлықбек Есдәулеттің «Алтайдың алтын тамыры» атты кеші өтеді

Бүгін сағат 17.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Тұңғыш Президент аудиториясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жасқа толуына орай «Алтайдың алтын тамыры» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді, деп хабарлайды Әдебиет порталы.

Кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер иелері қатысады. Шараны Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев жүргізеді.

Ұлықбек Есдәулет - қазақ поэзиясындағы дара талант, «Қанат қақты», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Ғұмыр жас», «Әбілхаят» кітаптарының авторы.

Ақынның мерейтойына арналған шығармашылық кеш мамыр айында Алматыда «Жылқы жылғы жүздесу» деген атпен өткізілген болатын. Сол үрдіс өз жалғасын тауып келеді. 25-28 қыркүйекте Түркияның Елазық қаласында өтетін дәстүрлі 22-ші «Хазар жыр ақшамдары» фестивалінің биылғы бағдарламасы барысында Ұ.Есдәулеттің мерейтойы мен түрікше кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіледі.

Хабарламаларға жазылу