АЭФ аясындағы журналистер байқауының бас жүлдесі – 15 000 АҚШ доллары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭФ аясындағы журналистер байқауының бас жүлдесі – 15 000 АҚШ доллары

14.05.2014
АЭФ аясындағы журналистер байқауының бас жүлдесі – 15 000 АҚШ доллары
 
Журналистер саммитіне бұқаралық ақпарат құралдарының 700-ге жуық өкілі қатысуға ниет білдірді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының тең төрағасы Серік Нөгербеков мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
 
«Биыл Астана экономикалық форумы аясында алғаш рет журналистердің саммиті өтеді. «G-Global» бағдарламасы тұрғысында біз осындай саммиті ұйымдастырмақпыз. Оның нәтижесі бойынша, бір қауымдастықты ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, журналистер тарапынан біздің ұсынысқа қолдау болса. Атап айтқанда, саммитке 700-ге жуық  БАҚ өкілі қатысуға ниет білдірді. Шетелден 300-ден астам журналист келмек»,- деді депутат.
 
Оның сөзіне қарағанда, бұл жиын барысында экономика және қаржы жүйесі бағытындағы мәселелерді БАҚ-тарда сараптау, әлемдік дағдарыс кезіндегі журналистиканың рөлі, медиадағы инновация мен технологиялар, экономикалық көрсеткіштермен жұмыс істеу және ақпарат таратудың жаңа әдістері жөніндегі мәселелер көтеріледі. Журналистика саласы бойынша «G-Global» халықаралық саммиті аясында он төрт шара ұйымдастырылмақ.
 
Бұл тұрғыдағы шаралардың бірі - «Жаңа медиа-технологиялар мен экономикалық мәселелерді жариялаудағы материалдарды пайдаланудың инновациялық негіздері» тақырыбындағы «G-Global» сыйлығы. Бұл сыйлыққа шетелдік және отандық медиа-холдингтер, корпорациялар, медиа-технологияны жасаушылар, ІТ-компаниялар, тәуелсіз журналистер қол жеткізе алады.
 
Байқау қорытындысы бойынша, тың бағдарламалар, құралдар, жаңа технологиялар арқылы экономикалық ақпаратты тиімді таратып, әлемдік қауымдастықтағы экономикалық проблемаларға аудиторияның қызығушылығын арттыратын үздік журналистік жоба анықталады.
 
VII Астана экономикалық форумында өтетін марапаттау рәсімінде жеңімпазға 15 000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы табысталады.
 
«Осы байқау бойынша он ұсыныс түсті. Бірақ олардың деңгейі ұйымдастырушылардың талаптарына сәйкес болмай тұр. Сол үшін бұл байқауды әрі қарай жылдың аяғына дейін ұзартпақпыз. Атап айтқанда, саммитке қатысатын 700 журналисті осы байқауға қатысуға шақырамыз. Жылдың аяғында нәтижесін жариялайтын боламыз»,- деді Серік Нөгербеков.

Хабарламаларға жазылу