Қарағанды облысында бірқатар азық-түлік өнімдері қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында бірқатар азық-түлік өнімдері қымбаттады

05.05.2014
Қарағанды облысында бірқатар азық-түлік өнімдері қымбаттады
  Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар 33 өнімнің 14-інің бағасы қымбаттады, деп хабарлайды облыстық Статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова.
 
«Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын күнделікті бақылау қорытындысы бойынша, бір аптаның ішінде 33 өнімнің 14-і қымбаттағаны туралы дерек тіркелді», - деді бүгін облыс әкімдігінде өткен жиын барысында Жанат  Садықова.
 
Оның атап өтуінше, негізінен облыс аумағына енгізілген тауарлардың бағасы артуда. «Күнбағыс майы орта есеппен 10 теңгеге, қара шай - 15-тен 31-теңгеге дейін, майонез орта есеппен 23 теңгеге, мәйекті ірімшіктер - 100 теңгеге, қияр - 45-50 теңгеге, қызанақтар орта есеппен 27 теңгеге көтерілген»,- деп нақтылады статистика департаментінің басшысы.
 
Жанат  Садықованың сөзіне қарағанда, азық-түліктің 15 түрі: нан, сүт, ет, сары май, тұз бен басқа өнімдердің бағалары өзгермеген.
 
Статистика ведомствосының мәліметтері бойынша, түрлі сауда орындарында 1-сұрыпты ұн, макарон өнімдері мен жарма бағасы төмендеген.
 
«Соңғы екі тәулікте түрлі сауда орындарында көкөніс өнімдерінің бағасы төмендегені байқалады: картоп 13-тен 18 теңгеге дейін, сәбіз 5-6 теңгеге, қызылша 12-25 теңгеге  төмендегені байқалады», - деп атап өтті Жанат Садықова.
 
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асановтың хабарлауынша, бүгінгі таңда аймақтық тұрақтандыру қорынан 150,6 тонна көкөніс өнімдері: 132,3 тонна картоп, 8,6 тонна сәбіз, 9,7 тонна қырыққабат саудаға шығарылған. Ол сондай-ақ бағаны ұстап тұру мақсатында жергілікті өндірушілердің қатысумен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
 
<span 12px;\"="">«15 ақпан күні өткізілген жәрмеңкеде 21 тоннадан астам ет өнімі, 1,3 тонна сүт өнімі, 100 мың данадан астам жұмыртқа, жалпы алғанда 24 миллион теңгенің өнімі сатылды. Бұл сауда-саттықтағы баға нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен болды», - деді Бауыржан  Асанов.
 
Отандық тауарлар бойынша бағаның өсуіне негіз жоқ, деп атап өтті облыс әкімі Бауыржан Әбдішев. 

«Бақылауды жалғастырыңыздар. Егер оны орындамайтындар болса, шара қолданып, қатаң түрде жазалайтын боламыз», - деп мәлімдеді өңір басшысы.

Хабарламаларға жазылу