Мәскеуде «Каспий бестігі» саммитіне даярлық мәселелері талқыланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде «Каспий бестігі» саммитіне даярлық мәселелері талқыланады

21.04.2014
Мәскеуде «Каспий бестігі» саммитіне даярлық мәселелері талқыланады

Мәскеуде 22 сәуірде Каспий мемлекеттері сыртқы істер министрлері Астраханьда биылғы күзде өтетін төртінші Каспий саммитіне даярлық мәселелерін талқылайды. Бұл туралы Ресей СІМ сайты хабарлады.  

Каспий маңы мемлекеттерінің конференциясына сыртқы істер министрлері Ерлан Ыдырысов (Қазақстан), Сергей Лавров (Ресей), Эльмар Мамедьяров (Әзірбайжан), Мұхаммад Джавад Зариф (Иран), Рашид Мередов (Түркіменстан) қатысады.  

РФ СІМ мәліметтері бойынша, 2014 жылы күзде Астраханьда өтетін төртінші Каспий саммитіне даярлық мәселесіне баса көңіл бөлінеді. Министрлер алдағы өңірлік форумның бағдарламасы мен күн тәртібін, оның қорытынды құжаттарының жобаларын талқылайды.  

«Бұдан бұрынғы Каспий саммитінің (Баку, 2010 жыл) қауіпсіздік саласы  мен қатерлерге қарсы тұру, қоршаған ортаны қорғау, су биологиялық қорларын сақтау және тиімді пайдалану, төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою секілді ынтымақтастық салаларында Каспий теңізінің жаңа, қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын құқықтық мәртебесін жасау туралы шешімдерін орындау жөніндегі жағалаулық елдер сарапшыларының жұмыстарына талдау жасалады», - делінген баспасөз баянында.
 

Хабарламаларға жазылу