Мемлекет басшысы Каспий саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Каспий саммитіне қатысты

29.06.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы Каспий саммитіне қатысты. Қазақ, Ресей, Әзербайжан, Иран мен Түрікменстан басшылары алқалы жиында көк айдынның көліктік дәлізінің әлеуетін арттыру, экологиясын қорғау жайын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін азайып бара жатқан итбалыққа араша түсуге шақырды. «Теңіздің солтүстік бөлігіндегі қорықты ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде қайта құру мәселесін қарастырып жатырмыз» деді. Сосын Каспийді қорғау үшін әуелі бестікке ортақ хатшылық керек екенін қаперге салды. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді. Бірақ әлі жүзеге аспады.

Мемлекет басшысы теңіз арқылы тек металл, химиялық өнімдер емес, азық-түлік тасымалын да ұлғайту керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Ақтауда қабылданған конвенцияның тезірек күшіне енуі үшін тиісті жұмыстарды қолға алу керек, деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде біздің басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуіне жағдай жасау. Елдерімізге өзара тиімді болатын шешім қабылдау үшін 4 жылдан бері көп жұмыс істеліп жатыр. Теңіздегі кейбір мәселе мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қатысты болған соң біз тараптардың ұстанымына түсіністікпен қараймыз.


Хабарламаларға жазылу