«Биыл жалға берілетін пәтер құнында ешқандай өзгеріс болмайды» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Биыл жалға берілетін пәтер құнында ешқандай өзгеріс болмайды»

18.03.2014
«Биыл жалға берілетін пәтер құнында ешқандай өзгеріс болмайды»
«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарушы директоры Әділбек Көшерұлы «Таңшолпанға» келіп, «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында қор тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
 
«Бүгінгі күні біздің компания бойынша құрылыс компаниясымен қол қойылған жеті жоба бар. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Құрылыстың жалпы көлемі – 580 мың шаршы метр болады. Құрылыстың алғашқы жартысын өткен жылдың аяғында тапсырғанбыз. Ол Ақтөбе, Тараз қалалары бойынша. Мұнда 610 пәтерлік екі жоба бітті. Соның 480 пәтері біздің қорға тиесілі».
 
«Жалға берілетін пәтердің бағасы алдымен құрылысқа кеткен шығынға байланысты болады. Бағдарлама бойынша Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларында бір шаршы метрге қойылған баға – 150 мың теңге. Ал басқа қалалар бойынша 120 мың теңге көлемінде. Біз жалға 15 жылға береміз. Алматы, Астана қалалары бойынша үйдің ай сайынғы төлемі бір шаршы метрге - 1600 теңге, ал басқа қалалар бойынша - 1300 теңге. Біздегі 15 жылға жалға берілетін пәтер құны нарықтағыға қарағанда, әлдеқайда төмен».
 
Теңге бағамының өзгеруі жалға берілетін үйлерге аса әсер ете қоймағанын айтқан Әділбек Көшерұлы: «Биыл жалға берілетін пәтерлер бағасында  ешқандай өзгеріс болмайды. Себебі, олардың құрылысы былтыр басталған. Ал келер жылдан бастап баға өзгеруі мүмкін. Себебі, құрылысқа қажетті материалдар шетелден әкелінеді. Оның өзінде егер өсетін болса, ары кетсе, 10-12 пайыздан аспайды»,-дейді. 

Хабарламаларға жазылу