Шымкенттік шенеуніктер «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ережесін бұзып, баспана алуға өтініш берген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік шенеуніктер «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ережесін бұзып, баспана алуға өтініш берген

26.04.2022

Шымкентте лауазымды шенеуніктер «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ережесін бұзып, баспана алуға өтініш берген. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов мәлімдеді. Оның айтуынша, қала әкімдігі мемлекеттік қызметшілер арасында тұрғын үй конкурсын өткізген. Қазір аймақ әкімдігіне шешімді қайта қарауға ұсыныс берілген. Әрі ондай олқылыққа жол бергендер жауапқа тартылуы тиіс. Енді бұл жағдай министрліктің бақылауында болмақ. Комитет төрағасы жалға берілетін тұрғын үйге субсидия төлеу жайын да сөз етті. Бүгінге дейін 23 мың қазақстандық жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға шақырту алған. Енді Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы түскеннен кейін субсидия беру басталады. Еліміз бойынша 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 70 мың адам табысы төмен азаматтардың санатына жатады.

Алмас Ыдырысов, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:

Жалға берілетін пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет көтереді, қалғанын азаматтың өзі төлейді. Бұл бағдарлама үшін мемлекеттік бюджеттен 50 млрд теңге қарастырылған. Аталған соманың 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 10 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылады. Жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алуға өтінімді «Отбасы банкі» қабылдауды бастап кетті.


Хабарламаларға жазылу