40 мың пәтер жалға беріледі

29.03.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Соның бірі – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Осы мақсатта мамыр айынан бастап Қазақстан бойынша 40 мың пәтер жалға берілетін болды.

Атап айтсақ, Алматы қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 496 пәтер мұқтаж отбасыларға беріледі. Жыл соңына дейін тағы 200 пәтерлі көпқабатты үй салынбақ. Петропавлда тұрғын үй кезегінде тұрған 202 көпбалалы ана бар. Биыл тамызда жағдайы төмен жанұяға 100 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық үй беріледі. Соның 20-сы көпбалалы әрі аз қамтылған отбасыларға қарастырылған.

Қызылордада да ағымдағы жылы 1966 пәтерлік 45 көпқабатты тұрғын үй салынады. Олардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына беріледі. Шығыс Қазақстан облысында осы санаттағы отбасыларға 198 пәтер қолданысқа берілмек. Ол үшін бюджеттен 800 миллион теңге бөлінген. Батыс Қазақстанда тек қана көпбалалы отбасыларға арналған екі тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Ол келер жылы беріледі. Ал, биыл жазда тоғыз қабатты үй тапсырылады. Жалпы, өңір бойынша 21 мың адам үй кезегіне тіркелген. Соның 1200-і – көпбалалы отбасы. «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары аясында ел қазынасынан 2,1 млрд теңге қаралған.

Алтынбек Қайсағалиев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Аудандарда биыл 102 пәтер көпбалалы аналарға берілетін болады. Қала бойынша 396 пәтердің құрылысы басталды. Ол келесі жылы аяқталады, тек қана көпбалалы отбасыларға арналған.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу