Сенат Конституциялық Кеңес мүшесін тағайындады

13.03.2014
Сенат Конституциялық Кеңес мүшесін тағайындады
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Анар Нұралықызы Жаилғанованы ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі қызметіне тағайындады.
 
Конституцияға сәйкес, Парламент палаталары Конституциялық Кеңестің екі мүшесін тағайындайды. Ал Кеңес мүшелігіне кандидатты Палата Төрағасы ұсынады.
 
Бұған дейін Парламент Сенаты тағайындаған Анар Нұралықызы Жаилғанованың өкілеттік мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құқығын пайдалана отырып, А.Жаилғанованы Конституциялық Кеңес мүшесіне қайта тағайындау туралы ұсыныс жасады. Палата депутаттары спикердің ұсынысына қолдау білдірді.
 
А.Жаилғанова еңбек жолын ҚР Ғылым академиясында бастап, кейіннен Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының аға консультанты, судьясы болып қызмет істеді. Бұдан кейін сот жүйесіндегі түрлі қызметтерді атқарды. 2005 жылы Жоғарғы Сот судьясы, 2008 жылы ҚР Конституциялық кеңес мүшесі болып тағайындалған болатын.

Хабарламаларға жазылу