Бүгін «Астана Опера» әлемдік хореография жауһарларын ұсынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Астана Опера» әлемдік хореография жауһарларын ұсынбақ

09.03.2014
Бүгін «Астана Опера» әлемдік хореография жауһарларын ұсынбақ
Санкт-Петербургтегі Мариин театрының ескі сахнасында мереке сыйлайтын – Gala Ballеt. Бүгін «Астана Опера» театры хореографияның әлемдік жауһарларының үздік балеттік көріністерін көрермен назарына ұсынбақ. Классиканы негізге ала отырып, жаңа стильдер мен бағыттарды да жатырқамайтын театрдың жас труппасы Шарль Жюдтің жаңа туындыларынан көріністер қояды.
 
«Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев питерлік көрермен әлемдік хореография жауһарларын сан рет тамашалағанын, алайда Мариин театрының сахнасында оларды қазақ әртістері алғаш рет орындайтынын атап өтті.
 
Бірнеше Халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанған «Астана Опера» театры балетінің әртістері: Мәдина Баспаева, Тайыр Гатауов, Әйгерім Бекетаева, Рүстем Сейітбеков, Жәнібек Иманқұлов, Гауһар Усина, Сержан Кәуіков, Досжан Табылды, Әнел Рүстемова, Еркін Рахметуллаев, Бақтияр Адамжан, Арман Оразов және басқалары өздерінің бидегі шеберлігі мен сымбатын паш етеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, «Астана Опера» театрының алғашқы шетелдік гастролі Мариин театрынан басталады. Олар кеше «Аттиланы» питерлік көрермендер назарына ұсынған еді.

Хабарламаларға жазылу