Қарулы Күштер қатарында 8 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарулы Күштер қатарында 8 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді

09.03.2014
Қарулы Күштер қатарында 8 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді

Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қорғаныс саласында еңбек етіп жүрген әскери қызметші әйелдерді 8 наурыз – Әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Орталық коммуникациялар қызметі. Қорғаныс құрылымының басшысы Қарулы Күштерді нығайтуға үлкен үлес қосушы қыз-келіншектерге ризашылығын білдірді.

Министрдің бұйрығымен еңбегімен ерекше көзге түсіп жүрген әскери қызметші әйелдер кезектен тыс әскери атақтармен, грамоталармен марапатталды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында 8 мыңнан астам әскери қызметші қыз-келіншек еңбек етуде. Олардың 821-і офицер шенінде болса, 54-і басшылық лауазымдарды атқарып келеді.

Төл армиямыз сапында қызмет атқарып келе жатқан әйелдер арасында 184 лейтенант, 258 аға лейтенант, 211 капитан, 134 майор, 27 подполковник, 8 полковник бар. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдардың азаматтық құрамы арасында да көптеген әйел қызмет істейді.

Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет атқарып жүрген әйелдер өздерінің жоғары кәсіби біліктіліктерімен әрдайым сенім үдесінен шығып келеді. Көптеген аяулы жандар ер азаматтармен бірдей Отан қорғау ісіне атсалысып, жауынгерлік міндеттерді атқарып жүр.

Хабарламаларға жазылу