Арулар да мықты сардар бола алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арулар да мықты сардар бола алады

07.05.2014
Арулар да мықты сардар бола алады
Бүгінгі таңда Қазақстан армиясының сапында 8 мыңнан астам қыз-келіншек қызмет етеді. Ер-азаматтармен бірдей, Отан қорғау ісіне атсалысып, жауынгерлік міндеттерді абыроймен атқарып жүрген аяулы жандардың арасында офицерлер де аз емес. Солардың бірі - Шығыс Қазақстан облысындағы №27/943 әскери бөлім командирінің орынбасары Жадыра Мұхамадиева.
 
Жадыра Мұхамадиева «Калашников» автоматын, көзді ашып-жұмғанша, шашып, қайта жинап жіберудің хас шебері. Шені - аға лейтенант. Әскери салаға осыдан 16 жыл бұрын келіпті. Әскери қызметкер болуды бала кезінен бастап армандаған екен. 
 
Жадыра Мұхамадиева, №27/943 әскери бөлім командирінің орынбасары:
Әскери киімге, әскери адамдардың жүрісіне қызығып, армандайтынмын. Сол арманыма жетіп, өз еркіммен осы армия қатарына шақырылдым. Осында келіп, жұмыс істегеніме өкінбеймін.
 
Қазіргі уақытта Жадыра Мұхамадиева әскери бөлімдегі қаржы қызметінің басшысы. Бұл лауазымға дейін, осы экономика саласына қатысты бірқатар жауапты қызметтерде болған.
 
Қандай жұмыста жүрсе де, үнемі далалық оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Өйткені, үнемі жоғары жауынгерлік әзірлікте болу барлық сарбаздар мен сардарлардың басты міндеті.
 
Талғат Сапарбаев, №27/943 әскери бөлімінің командирі:
Бізбен бірге таңның атысынан, күннің бастысына дейін жұмыста, полигонда да, осында да. Өте үлгілі қызметкерлердің бірі, өзінің еңбегін адал атқарады.
 
Ұжымында сыйлы, ісіне адал адамдардың еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Отан қорғаушылар күніне орай Жадыра Мұхамадиеваға Қорғаныс министрінің бұйрығымен медаль табысталды. Қазақстан Қарулы Күштеріндегі 15 жылдық мінсіз қызметі үшін. 
 
Жадыра Мұхамадиева тәуелсіз елінің Қарулы Күштерінің сапында ер-азаматтардан қалыспай, аброймен әскери қызмет атқаратынын мақтан тұтады. Ең бастысы, қазақ сияқты жауынгер халықтың ұлдарымен қатар, қыздары да қол бастаған мықты сардар бола алатынын сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеп жүр.
  
Берік КӨШЕРБАЕВ
 
 
 

Хабарламаларға жазылу