«Мәнерлеп сырғанау спортына баланы 4 жастан берген дұрыс» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәнерлеп сырғанау спортына баланы 4 жастан берген дұрыс»

27.02.2014
«Мәнерлеп сырғанау спортына баланы 4 жастан берген дұрыс»
 
Конькимен мәнерлеп сырғанаудан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, конькимен жүгіруден жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова «Таңшолпанда» қонақта болды.
Ізбасары Денис Теннің жеңісі турасында жаттықтырушы: «Бұл тек Денистің жеңісі емес, біздің халықтың жеңісі деп білемін»,-дейді.
 
«Бүгінде Денистің соңынан келе жатқан жас спортшылар бар. Солардың бірі – Элизабет Тұрсынбаева. Ол наурыз айында София қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына дайындық үстінде. Жүлделі орыннан көрінеді деген үміт бар».
 
1992-1999 жылдар аралығында мәнерлеп сырғанаудан Ұлттық құрама сапындағы жалғыз қазақ қызы болған Кенжеш Сәрсекенова бұл спортқа қалай келгенін еске алды.
 
«Бала кезімнен ер балалармен ойнап, спортқа бейім болдым. Сосын үлкен ағам спортқа жақындығымды байқап, Алматы қаласындағы Қ.Мұңайтпасов мектебіне алып келді. Алғашында жеңіл атлетикаға жазыламын деп ойлаған едім, алайда, іріктеу аяқталып қойған екен. Сосын коньки спортына жазылдым»,-дейді.
 
«Мәнерлеп сырғанау спортына баланы 4 жастан берген дұрыс. Себебі, бала 1-2 жыл мұзға аяғын нық басып үйренуі керек. Осыдан кейін барып, бапкерлер секіру сынды жаттығуларды үйрете бастайды».

Хабарламаларға жазылу