Баланы мектепке қай жастан берген дұрыс? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баланы мектепке қай жастан берген дұрыс?

05.04.2023

Баланы мектепке қай жастан берген дұрыс? Қоғамда осындай да өзекті мәселе қызу талқыланып жатыр. Бірі 6 жастан десе, басқасы 7 жастан деген нұсқаны жөн деп табады. Кейбір ата-аналар тіпті, 5-тен асқаннан кейін де бола береді дейді. Дұрысы қайсы және заң бойынша талап қандай?

Динара Кәрімова тұңғышын мектепке жеті жастан берген. Екінші қызын да биыл 7 жастан 1-сыныпқа апарғысы келіп отыр.

Динара Кәрімова, қала тұрғыны:

Өйткені миы тынығып, әріп біліп, бәрін біліп тұрады. Ал, нулевойдағы баланы берсе әлі баланың миы шала. Сондықтан, мен өзім 7 жастан бергенді дұрыс деп ойлаймын.

Әлемуеттік желіде бұл тақырып қызу талқыға түсіп жатыр. Әркім өз тәжірибесінен пікір білдіруде.

- Мен бердім қызымды 5,8 жасында. Қазір ол 9 ға енді толды. Сыныптастары он жарым ,он бір жаста. Сабақ былай тұрсын, өмірде кішкентай деп менсінбейді. 1-сынып жақсы оқыды. 2-3 сыныптан нашарлап кетті. Түсінігі барлығы бәрібір білінеді. Үлкен қателігім болды. Баланы қинадым. Ақыл айтқан адам болмады ғой.

Ал психолог мамандар бұрынғы бала мен бүгінгі баланың айырмашылығы көп дейді.

Балабек Сақтағанов, психолог:

Қазіргі уақытта балалардың ерте жетілу акселирация синдромдарын балалардың бойынан көріп отырмыз. Өйткені, балалар өте алғыр, өте жетік біледі. Қазіргі уақытта сандық дәуір дейміз ғой, электронды технология, гаджеттер арқылы әріпті танымай жатып соларды біліп алады.

Тараптардың тартысы таразының басын шайқалта береді. Әр адамның өз ұстанымы, шешімі бар. Бірақ, заң бәріне ортақ.

Ерлан Қанатұлы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бас сарапшысы:

Бұйрық негізінде бала мектепке 6 жастан бару керек немесе сол күнтізбелік жылдың соңына дейін 6-ға толса баланы 1-класқа берген абзал. Ата-аналар көп жағдайда айтады бала психологиялық тұрғыда дайын емес, дамуында ақау бар деп жатса әрине 7 жастан беруге құқығы бар.

Демек, заң бойынша бала 6 жасқа дейін балабақшада және басқа да орталықтарда тәрбиеленеді. 6 жастан мектепке барады. Дегенмен, 7 жастан мектепке қабылданбайды деген нақты шектеу жоқ. Сондықтан, бұл тек ата-ананың жауапкершіндегі іс болып қала бермек.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу