Тәуелсіздік алаңын «Мәңгілік ел» деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталған бастаманы бүгін астанада «Стратегия-2050: Қазақстан жолының жаңа көкжиегі» атты дөңгелек үстелде Дінтанушылар конгерісінің атқарушы директоры, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Айдар Әбуов көтерді.
«Астанадағы Тәуелсіздік алаңын «Мәңгілік ел» деп өзгертуді ұсынамын. Бұл алаңда Тәуелсіздік сарайы, Тәуелсіздік стелласы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Шабыт» кешені, яғни «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының барлық құрамдас бөліктері орын тепкен», - деді ол жиында.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Жолдауын талқылауға арналған аталмыш дөңгелек үстел отырысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, православие мен католицизм өкілдері, ҚР Дін істері агенттігінің жетекшілері қатысқан болатын. Олардың барлығы А.Әбуовтің бұл идеясын қолдады.