Биыл Астанада құрылыс саласы бойынша 800 орындық жаңа техникалық колледж ашу жоспарланған, тағы біреуінің құрылысы қолға алынбақ. Бұл туралы astana.kz сайтына елорда әкімі аппараты хабарлаған.
«Кәсіби мамандарды даярлау жөніндегі Президенттің алға қойған міндетін жүзеге асыру мақсатында кәсіптік-техникалық колледждер ашылады. Биыл құрылыс саласы бойынша 800 орындық бір колледж пайдалануға берілсе, энергетика саласының мамандарын даярлайтын екіншісінің құрылысы басталады», - делінген әкімнің баяндамасында.
Техникалық мамандардың базасы қалада осы мамандықтардың тапшы болуына орай нығайтылуда.
Айта кетейік, Астанада бүгінгі таңда 35 колледж бар, соның ішінде 12-сі мемлекеттік, ал 23-і жекеменшік. Аталған білім ордаларында 30 мың студент оқиды.