1 сәуірге дейін зейнетақы жинақтары бірыңғай қорға аударылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 сәуірге дейін зейнетақы жинақтары бірыңғай қорға аударылады

10.02.2014
1 сәуірге дейін зейнетақы жинақтары бірыңғай қорға аударылады
 
1 сәуірде салымшылардың жеке есепшоттары мен зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев мәлім етті.
 
Оның атап өтуінше, салымшылардың жеке зейнетақы есепшоттары мен олардың басқа жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жинақтарын аудару бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте салымшылардың өздеріне қандай да бір әрекет жасауының еш қажеті жоқ. Жинақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына автоматты режімде аударылады.
 
«Сондай-ақ қоғамда жекелеген азаматтардың  арасында өз жинақтарының сақталуына қатысты алаңдаушылық бар. Бірден атап өтейін, қор салымшылардың зейнетақы жинақтарының сақталуына әрі толық көлемде аударылуына қатысты барлық шараларды қолға алуда», - деді ол.
 
Руслан Ерденаевтың атап өтуінше, қазіргі таңда 6 зейнетақы қорының ағымдық есепшоттары мен зейнетақы активтерінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қосылуы толығымен жүзеге асырылған. Олар - «Республика», «Отан», «Капитал», «Атамекен», «Астана», «НефтеГаз-Дем» жинақтаушы зейнетақы қорлары.
 
Ал қазіргі таңда «Грантум» қорының есепшоттары мен активтерін қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек тағы 2 ірі жинақтаушы зейнетақы қоры қалып отыр. Олар - «Ұлар Үміт» пен «Халық банкінің» жинақтаушы зейнетақы қоры.
 
«Осылайша, 2014 жылдың 1 сәуірінде барлық жеке салымшылар есепшоттары мен олардың зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беріледі. Ал зейнетақы активтерін басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі жүзеге асырады», - деді Руслан Ерденаев.
 
 
   

Хабарламаларға жазылу