Зейнетақы қорына бірқатар өзгеріс енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы қорына бірқатар өзгеріс енгізілді

20.12.2017

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақыны төлеу тәртібіне қатысты өзгерістер енгізіледі. Яғни, Сіз бұдан былай зейнетақы қорындағы қаржыңызды бір мезетте толық көлемде бірден ала алмайсыз. ҚР «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылатын болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының барлық бөлімшесі жыл аяқталғанша азаматтарға қызмет көрсетеді. Демек, осы айдың 30, 31-желтоқсан күндері де таңғы 9-дан күндізгі бірге дейін жұмыс істейді. Осыған орай, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған немесе туындайтын азаматтар қор бөлімшелеріне келіп, зейнетақы төлемдерін рәсімдейді.

Жанат Жұмақова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма бастығы:

- Егер алушы өтініш берген күні есептеу шотында зейнетақы қорында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржыға белгіленген ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда алушыға зейнетақы қорынан бір рет толығымен беріледі. 2018 жылы ең төмен зейнетақы төлемнің мөлшері 33745 теңгені құрайды.

Зейнетақы өтініш берілген күннен бастап белгіленеді әрі зейнетақы жинақтары біткенше төленеді. Бұл жүйе өтініш берілген күннен бастап 10 күннің ішінде іске асады. Зейнетақы төлемдерін 2017 жылдың соңына дейін рәсімдеп үлгергендер төлеу мерзімділігін сақтауға әрі өзгертуге құқылы.   

Жанат Жұмақова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма бастығы:

- 2018 жылы ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 284 теңгені құрайды. Ал, 54 пайызынан төмен болған жағдайда ол 15 273 теңге болады.

Алайда, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмендемейді. Бұл 15 273 теңге болады. Сондықтан, сізге қажет кез келген ақпарат пен керек кеңесті қор бөлімшелерінен біле аласыз.

 

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу