Қатты жауған нөсер салдарынан 46 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатты жауған нөсер салдарынан 46 адам қаза тапты

02.02.2014
Қатты жауған нөсер салдарынан 46 адам қаза тапты

Боливияда үздіксіз жауған жауынның салдарынан 46 адам ажал құшты, ал 28 мың адам үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр болды, деп жазады РБК.
 
 Табиғат апатынан Амазон аймағы Бени, Кочабамба провинциясының орталығы мен Ла-Пас провинциясының солтүстік бөлігі қатты зардап шеккен. Боливияның азаматтық қорғаныс министрлігінің орынбасары Оскар Кабрера хабарлағандай, нөсер 90 муниципалды құрылымның 14 мың гектар жерін жойған.
 
 Бениде апат салдарынан шамамен 1 мың ірі қара жойылды. Жолдардың шайылып кетуінен көптеген шалғай аудандарға жету мүмкін болмай қалды.
 
 Алапат құрбандарының саны елде жауын-шашын маусымы басталған 2013 жылдың қазан айынан бері артып келеді. Ең соңғы рет Потоси аймағында тасыған өзенге ағып кеткен 10 жасар қыздың мүрдесі табылды, оның бауырлары мен суға ағып кеткен басқа да адамдар әлі іздестірілуде.
 
 Боливия үкіметі елде төтенше жағдай жариялады. Денсаулық сақтау министрлігі Бениге дәрі-дәрмектер мен шұғыл көмек көрсететін бригада топтарын жіберуде.

Хабарламаларға жазылу