Саттар Ерубаевтың туғанына - 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саттар Ерубаевтың туғанына - 100 жыл

30.01.2014
Саттар Ерубаевтың туғанына  - 100 жыл
Қазақ әдебиетінің аспанына жарқ етіп көтеріліп, бірақ лезде жалт етіп ағып түскен жұлдыздарының бірі – Саттар Ерубаев. Ол қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында 1914 жылы қаңтардың 30-да дүниеге келген.
 
1930 жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярланатын Алматыдағы дайындық курсына жіберіледі. Сол жылы ол Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түседі.
 
Саттар Асқарұлы еңбек жолын Алматыда бастайды. 1933-1934 жылдары «Ленинская смена» газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызмет атқарады.
 
Сонымен қатар, 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры, 1933-1934 жылдары Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы болып жұмыс істейді.
 
1934-1935 жылдары қалалық «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі облыстық «Орталық Қазақстан» газеті) редакторының орынбасары болды.
 
1935 жылдың жазында Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ меңдеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болған. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекция оқиды.
 
Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерттен Саттар 1937 жылдың екінші маусымында Алматы қаласындағы Түріксіб ауруханасында қайтыс болды.  Онда ол бар болғаны 24 жаста еді.
 
Саттар Ерубаев әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндей кірді. Ол астанадағы зиялы қауымды жан-жақты біліммен, журналистика саласындағы білікті ізденістермен әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірмен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізді.
 
1934 жылы Қарағандыға, қайнаған еңбек ортасына келгеніне қатты қуанған. Сол тұста жазған бір күнделігінде Саттар: «Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды!» депті.
 
Саттар Ерубаев - Қарағанды жұмысшылары туралы «Үш шахтер туралы баллада», «Меруерт алқа» балладаларының, «Бақыт», «Өмір көркемдігі» новеллаларының авторы.
 
Ал 1939 жылы жарияланған «Менің кұрдастарым» романында еліміздің көмір орталығы - Қарағандыны кұрушы жастардың тұрмысы мен еңбегін суреттейді.

Хабарламаларға жазылу