Бүгін Астананың Есіл аудандық №2 сотында Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаеваның үстінен қозғалған іс бойынша сот жалғасты.
Отырысқа дейін журналистер сұрақтарына жауап берген Мешімбаева ақпарат құралдары өкілдерінен «қылмыстық істі кім ұйымдастырғанын» анықтау үшін журналистік зерттеу жүргізуді сұрады, деп хабарлайды «Азаттық».
«Тексерулер басталғанда мән бермедім. Мұны телефондағы әңгімелерім де растаған. Мен ешқандай шара қолданған жоқпын. Ал телефон қоңыраулары тек статистикалық карталарға ғана қатысты болған» - деді Мешімбаева.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы қаңтарда Қазақстанның экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) «2009 жылдың ақпан және наурыз айларында жүргізілген халық санағы кезінде бюджет қаржысын жымқырған» деген айып бойынша Анар Мешімбаеваның үстінен іс қозғап, прокуратура оған іздеу жариялаған.
Мешімбаева 2013 жылы 6 ақпанда Мәскеуде ұсталып, қыркүйектің 7-сі күні Қазақстанға экстрадицияланды.
Анар Мешімбаева 2009 жылы күзде халық санағына қатысты дау туындаған соң Қазақстанның Статистика жөніндегі агенттігінің төрайымы қызметінен отставкаға кеткен еді.
Мешімбаеваға қатысты Астанадағы сот 4 желтоқсанда басталды. Сот басталысымен, ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген еді.