«Батырлар» атты анимациялық мультхикая эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Батырлар» атты анимациялық мультхикая эфирге шығады

15.01.2014
«Батырлар» атты анимациялық мультхикая эфирге шығады
Бүгін Астанада «Батырлар» атты тарихи-анимациялық мультхикаяның тұсаукесер рәсімі өтті. Мультхикая  «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша түсірілген. Тұсаукесер рәсіміне «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Н.Ж.Мұхамеджанова, «Kazakhstan Computer Graphics» компаниясының продюсері Айнұр Темірханқызы және Ернар Атымтайұлы қатысты.
 
«Батырлар» - туған жерін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған Қабанбай, Бөгенбай және Наурызбай сынды батырлардың ерен ерліктері туралы сыр шертетін тұңғыш отандық анимациялық фильм. Көрермен бұл туындыны тұңғыш рет «Балапан» телеарнасынан көре алады. Сонымен қатар, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан да көрсетіледі.

Туындының продюсері Айнұр Темірханқызы: «Бұл анимациялық фильм 17-18 ғасырлардағы қазақ-жоңғар шайқасының тарихи оқиғаларын бейнелейді. Негізгі кейіпкерлер – қазақ батырларының ерліктері мен батыр тұлғалары арқылы көрерменді отансүйгіштікке тәрбиелейді»,-дейді.
 
Фильм салқынқандылық, парасаттылық және бірлік сынды бірнеше бөлімнен тұрады.

«Батырлар» мультхикаясында тек батырлар туралы ғана сөз қозғалмайды, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне компьютерлік графика мүмкіндіктері тұрғысынан қарадық. Бұл туындының негізгі көрермендері балалар екенін ескере отырып, әр бөлімнің, әр кейіпкердің тарихи шынайы бейнесін сақтауға тырыстық»,-дейді мультхикая режиссері Мәлік Зеңгір.
 
Мультфильм Қазақстанда тұңғыш рет 3D форматында анимациялық мультхикая түсіру мүмкіндігін берген «Motion Capture» жаңа технологиясы негізінде әзірленді. Аталған оптикалық жүйе 3 өлшемді жобаларды өңдеу технологиясының жаңа түрін ұсынады. Мұндай технология «Аватар» фильмінде қолданылған.

Аталған жобаны «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Kazakhstan Computer Graphics» компаниясы әзірледі.

Хабарламаларға жазылу