Халықаралық Бүркітшілер қауымдастығы қазақ бүркітшілерін өзінің 45-ші мерейтойлық кеңесіне қатысуға шақырды. Катар мемлекетінің астанасы Дохада өтетін іс-шара қаңтардың 27-нен ақпанның 2-не дейін жалғасады.
Халықаралық ұйымның директоры Богумил Страка өз хатында қазақтың саятшылық өнерін жоғары бағалап, еліміздің ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мәдени мұра тізіміне көкпар мен бүркітшілікті енгізуге дайын отырғанын құп көретінін білдірді.
Айта кетейік, Халықаралық Бүркітшілер қауымдастығына әлемнің 60 елінен 87 бүркітшілер ұйымы мүше. Оның құрамына 30 мыңға тарта бүркітші кіреді.
Қаңтардың 28 мен 29 күндері дүниежүзі бүркітшілер кеңесінің ресми бөлімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, шара аясында бүркітшілерге арналған 1-ші ғылыми Ветеринарлық медицина конференциясы өтеді деп күтілуде. Кездесу 31 мен 1-і күні Катардағы кең көлемде өтетін саятшылық фестиваліне жалғасып, Дохадағы жабылу салтанатымен аяқталмақ.
Катардағы Халықаралық Бүркітшілер және саятшылық фестивалі 2010 жылдан бастап қолдау тауып, қыран-бүркіттің дайындығын шыңдайтын игі дәстүрге айналды.