Гаага ядролық қауіпсіздік саммитінің басталуына санаулы күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гаага ядролық қауіпсіздік саммитінің басталуына санаулы күн қалды

21.03.2014
Гаага ядролық қауіпсіздік саммитінің басталуына санаулы күн қалды
Алдағы аптада, дәлірек айтсақ, наурыздың 24-25 күндері Гаагада екі жылда бір рет өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит басталады. Халықаралық жиынға әлемнің ең ықпалды саясаткерлерімен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады.
 
Ақорданың баспасөз қызметiнiң мәлiметтерiне сәйкес, сапар барысында ҚР Президентiнің Нидерланды Королi Виллем Александрмен және аталған елдің премьер-министрi Марк Рюттемен кездесуi, сонымен қатар «Шелл» және «Филлипс» трансұлттық компанияларының жетекшiлерiмен екiжақты кездесуi өтедi деп жоспарлануда.
 
Әлем көшбасшылары Нидерландыда ядролық қауіпсіздік мәселесін екі күн талқылайды. Жаһандық саммитке 50-ге жуық мемлекеттің президенттері, үкімет жетекшілері қатысады. БҰҰ, Еуроодақ, Интерпол, МАГАТЭ басшылары да кеңеске келмек.
 
Гаага саммитінің күн тәртібінде ядролық материалдардың қауіпсіздігі, қорғалуы, ядролық отынды лаңкестерден қорғау мәселелері тұр. Сонымен қатар, осы жиында Украина дағдарысын реттеу де кеңінен талқыланады деп күтілуде.
 
Кездесулердiң қорытындылары бойынша, саясат, экономика, технология, ғарыш, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, бiлiм салаларында екiжақты келiсiмдерге қол қойылмақ.

Хабарламаларға жазылу