Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді

17.01.2020
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады. ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болды. 

«Университет 1992 жылы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның ежелгі қаласы Түркістанда құрылды және бүгінде Қазақстандағы жалғыз халықаралық университет. Оқу ордасы халықаралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне - Үкіметаралық өкілетті кеңеске, Сенатқа және Басқарушы кеңеске ие. Білім беру қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі» делінген хабарламада.  

«Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім грантының құны да артады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді» деп мәлім етті министрлік. 

Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады.

Хабарламаларға жазылу