1,5 жылдай реанимацияда жатқан екі жасар керекулік сәбиге операция жасалды

12.06.2019

Екі жасар керекулік сәби Кәрімге жасалған операция сәтті аяқталды. Бүгін Ұлттық нейрохирургия орталығында бүкіл ел алаңдап отырған балаға күрделі операция жасалды. Естеріңізге сала кетейік, павлодарлық сәбиге массаж жасамақ болған маман оның мойын омыртқасына зақым келтіріп, содан бері 1,5 жылдай уақыт реанимацияда жатқан сәбиге астаналық мамандар көмек қолын созды. Әлемде алғаш рет жасалған мұндай аса күрделі операцияның басы-қасында болып келген әріптесім Асима Нұрбайқызы жалғастырады.

 

Операция үстеліндегі нәрестенің жасы екіден енді асты. Сап-сау туған сәбиді массаж жасамақ болған әйел сал ғып қойған. Алты айында денесін уқалап, сылап жатқанда мойын омыртқасын жұлып алыпты. Бірінші омыртқа үш жерінен сынып кетсе, екіншісі тіптен үзіліп, қисайып, басқа ағзаларын езіп тастаған. Сол себептен, сәби өз бетімен дем ала алмады. Басы мен мойны ажырап кеткен. Осылай сәби бір жарым жыл, яғни, 476 күн жансақтау бөлімінде жатты. Соңғы кездері тым әлсірей бастаған соң сәби санавиациямен шұғыл елордаға жеткізілді. Ұлттық нейрохирургия орталығында бұрын-соңды ешқайда жасалмаған операция басталды.

 

Өйткені, әлемде кішкентай баланың мойын омыртқасына операция осыған дейін бірде-бір рет жасалмапты. Мамандар тәуекелге бел буды. 5 сағатқа созылған ота барысында қысылып қалған жұлынды босатты. Қисайып кеткен омыртқаны орнына қойды. Бас пен мойынның ортасын бекітті. Ең жауапты әрі қиын тұсы да - осы. Мамандар операция залынан бірнеше рет сыртқа шығып, кеңесті. Ақылдасты. Шешім қабылдады. Соңында рентген аппараты арқылы жасалған операцияның нәтижесін көріп, бірін-бірі құттықтады.

 

Кәрімнің жағдайына қазір тұтас ел алаңдаулы. Керекуліктер баланың еміне деп қаражат та жинап берген. Бірақ, операция өз елімізде тегін жасалды.

 

Талғат Керімбаев, Ұлттық Нейрохирургия орталығының Бөлім Меңгерушісі, нейрохирург:

Дүниежүзінде бірінші рет жасалып отыр. Тәжірибеде болмаған. Екі жастағы балаға жасалмайды. Біз жаңа әдіс қолдандық. Түгел омыртқаны фиксация жасамай, сынған жерді ғана бекіттік. Күрделілігі - фиксация қою.

 

«1,5 жыл ес-түссіз жатқан сәбидің енді жағдайы жақсаруы тиіс», дейді мамандар. Алайда, 476 күн төсекке таңылған ағзаның қалыпқа келуіне уақыт керек.

 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу