Елімізде сапасыз екпе жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сапасыз екпе жоқ

12.04.2019

Себебі вакцинаның барлық түрі зертхана мамандарының қатаң тексерулерінен өтеді. Алматыда Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының қызметкерлері журналистерге осыны айтты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, пресс-тур ұйымдастырған олар мекеменің жұмысымен таныстырды.

Қазақстанда дәрі-дәрмектің 7 мыңға жуық түрі бар. Сонымен қатар, вакцинаның 58 түрі қолданылады. Екпелер елге Еуропа мен Америка Құрама Штаттары, Япония, Индия сияқты мемлекеттерден әкелінеді. «Біздің шекарадан вакцинаның тек тіркелген түрлері өтеді», - дейді мамандар.

Болат Жантөреев, биологиялық зертхананың жетекшісі:

- Шетелден келген дәрі-дәрмектер бізде тіркелген күнде де қатаң қадағаланады. Елге тіркеу арқылы өткен соң, бірден оның сапасы мен құрамы, түр-түсі тексеріледі. Вакциналар бірқалыпты температурада сақталуы тиіс. Сақталмаған жағдайда оның сапасы жоғалады.

«Вакцинаның сапасы нашар. Бала денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мүгедек болады». Жасыратын түгі жоқ. Осындай түрлі пікірлер қазір қоғамды екіге бөлді.

Алайда, зертхана қызметкерлері: «Баланың дені сау болса, екпенің кесірі жоқ. Өйткені шет мемлекеттерден келген вакциналар халықаралық талаптарға сай сынақтан өткізіледі»,-деп отыр.

Үзипа Туғанбаева, биологиялық зертхананың бас маманы:

- Ең бірінші кезең осы Қазақстанға келіп түскен төлқұжаттардың қаншалықты дұрыс, біздің заңнама нұсқауларына сәйкестігі тексеріледі. Екінші кезеңде сараптама жүргізіледі. Ол формакологиялық формацевтикалық сараптама. 

Осындай қатаң тексерулерден кейін ғана дәрі-дәрмектерді пайдалануға рұқсаты бар кепіл құжат беріледі. Сондықтан орталық өкілдері көпшілікті екпеден бас тартпауын сұрап әрі уақытында оны салдыру адам денсаулығы үшін аса маңызды екенін айтты.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу