Вакциналау ісінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вакциналау ісінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұр

19.04.2021

Елордада халықты вакциналау ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің тапсырмасымен екпе егу пунктерінің саны 3 есеге артқан. Сонымен қатар, еліміздің басқа өңірлерінде де жұрт жаппай екпе салдыра бастады.

Елордада Хан-Шатыр ойын-сауық орталығынан арнайы екпе салатын пункт ашылды. Қажеттілік туындаған жағдайда өзге де ірі орталықтар мен қонақ үйлердің негізде ұйымдастырылады. Бүгінде бас қалада 58 мыңнан астам адам вакцина салдырды.

Ильхам Байрамлы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Өз еркіммен вакцина салдыруға келдім. Себебі өзімді және жақындарымды қорғағым келеді. Екпеден кейін ғана жеңген талай пандемия болған. Бұны да солай жеңуіміз керек.

Алматыда екпе қабылдағандар қатары 135 мыңға жуықтады. Қазір қала бойынша 203 пунктте 2 мыңға тарта маман жұмыс істеп жатыр. Мегаполистегі сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мәдени нысандарда да екпе егу орындары ашылып, вакциналау жоспарға сай жүргізіліп жатыр.

Эльмира Битанова, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ кафедра меңгерушісі:
Вакцина үшін елімізде барлық жағдай жасалып отыр. Екпе егу орындарында кезек күтудің де қажеті жоқ. Қазір инфекция жұқтырған науқастар күн сайын көбейіп жатыр. Осы вирустың кесірінен қаншама адам көз жұмды. Сондықтан баршамыз індетті тоқтатуға атсалысуымыз керек.

Шығыс Қазақстандағы шекаралық ауылдардың халқы да екпе ала бастады. Үржар ауданындағы Мақаншы өңірі Қытаймен шектеседі. 30 мың тұрғыны бар. 10 ауылда екпе егу пунктері ашылып, бүгінге дейін 740 адам вакцина салдырды.

Айгүл Нұрғалиева, Үржар аудандық №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Жай қарапайым халық, жұмыс істемейтін үй шаруасындағы адамдар және де өздерінің науқастары бойынша диспансерлік есепте тұратын науқастар алды. Жалпы халықтың көзқарасы жақсы. Вакцинациядан кейін ешқандай кері әсер болған жоқ. Ешкімде асқынулар болған жоқ.

Елімізде екпенің бірінші компонентін алғандар саны 700 мың адамға жуықтады. Ал екінші рет салдырғандар 118 мың адамнан асты. Вакциналау ісінде ірі мегаполистер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұр.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу