Шілдеден бастап азаматтық сала қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға өсетіні мәлім. Жауапты министрліктер Елбасының бұл тапсырмасын бұлжытпай орындауға кірісіп кетті. Алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз есебін жариялады.
Перизат Жүнісова Астанадағы №8 емханада екі жылдан астам еңбек етіп келеді. Жас маман мұнда отбасылық дәрігердің міндетін атқарады. Кіші медициналық қызметкер ретінде 50 мыңға жетеқабыл жалақы алады. Айлығына алдағы шілдеде 30 пайыз қосылып, шамамен 65 мыңға көтерілмек. «Пәтер жалдап тұратын мен үшін мұның өзі сәл де болса демеу»,- дейді.
Перизат Жүнісова, отбасылық дәрігер:
- Біз сапалы қызмет атқаруға тырысамыз. Біздің әрбір жалақы деңгейі ол қызметтің сапасына байланысты төленеді, әртүрлі бағдарламаларға байланысты жұмыс жасағанымызға төленеді, біз соған құлшыныспен жұмыс істеуге тырысамыз.
Бас дәрігердің орынбасары Ләззат Қуанбаеваның айтуынша, мекемеде 300-ден астам қызметкер бар. Жартысына жуығы жас мамандар. Соның басым бөлігінің айлығы 100 мың теңгеге дейін көтерілмек. Мұндай қаржылық қолдау бірінші кезекте қызмет сапасының одан сайын артуына септігін тигізетініне сенімді.
Ләззат Қуанбаева, №8 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
- Қуанып жатыр. Шыны керек енді астанада көбісі пәтер жалдап тұрады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде төмен жалақы алатын бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 30 пайызға өсіруді тапсырды. Білім, мәдениет, әлеумет, спорт, ауыл шаруашылығы, медицина сынды салаларды атап айтты. Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтің отырысында өз саласына қатысты есеп-қисапты түсіндіріп берді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мысалы, мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал, кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады.
Қорыта айтқанда, еліміз бойынша 225 мыңнан астам медициналық қызметкердің жалақысы көтеріледі. Бұл мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 37 миллиард теңге бөлінеді. Ал, 2020 жылы 78 миллиард теңге қарастырылған.
Ербол МӘНДІБЕК