Ертең - Алғыс айту күні. Осыған орай Маңғыстаудағы барлық медициналық мекемелер ашық есік күнін өткізеді. Акцияға жеке клиникалар да қатысады.
Облыста 33 мемлекеттік және 25 жеке денсаулық сақтау мекемесі бар. Дәрігерлер таңғы 9:00-ден кешкі 17:00-ге дейін тұрғындарға тегін кеңес береді. Медициналық тексерулерді ақысыз өткізеді.
Ақтау мен Жаңаөзен қаласының меймандары да кез келген емханаға жүгінсе болады. Ал, облыстық тері-венерологиялық диспансерде түске дейін тексеріліп, қажетті анализдерді тегін тапсыруға болады. Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері тұрғындарға ыңғайлы болу үшін алдын ала телефон арқылы жазылуға кеңес берді.
Айжан Нұралина, Ақтау қалалық №2 емхана директорының орынбасары:
- Қазірден бастап қоңырау шалып, дәрігерлердің қарауына жазылып жатқан адамдар көп.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ