«Мақат-Индербор-Сәтімолла» теміржолының құрылысы басталды
Атырау облысында Мақат-Индербор-Сәтімолла теміржолының құрылысы басталды. Жаңа желі өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, ірі өндірістік жобалардың дамуына серпін бермек. Бұл бастама – ел экономикасына инвестиция тарту және өндіріс көлемін ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған. Толығырақ ауданға арнайы барып қайтқан әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Сәтімоладан бастау алған жаңа желі мынау біз тұрған Индер-Мақат теміржолына келіп қосылады. Бұл транзит Сәтімолада салынып жатқан калий тұзын өндіретін жаңа зауыт үшін маңызы зор. Егер толық жүзеге асса тасымалдау мүмкіндігі кеңейіп, Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын арттыра түседі.
Теміржолдың жалпы ұзындығы 285 шақырым. Қазір 12 техника мен 300-ге жуық жұмысшы жер бедерін тегістеп, рельстерді салуға дайындап жатыр. Негізгі мақсат - Сәтімола кен орнынан шығатын бор-калийді және өндірілген калий тұздарын тасымалдауды қамтамасыз ету.
Борис Зиганшин, Құрылысты үйлестіруші компания басшысы:
Көктемде топырақ төсеп бітіреміз. Содан соң рельстерді салып бастаймыз. Нысан толық пайдалануға берілгесін теміржол бойында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Көптің көкейінде жүрген Индер-Мақат теміржолы да толық жаңғыртылады.
Индер-Мақат теміржолы жөндеуге сұранып-ақ тұр. Бұл транзитпен аудандағы төрт компания тұз, гипс, қиыршық тас, галит және т.б. өндіріс материалдарын тасымалдайды. Теміржол жаңғыртылса кәсіпкерлерге өнім көрсеткішін арттыруға мүмкіндік туады.
Жолдас Үмбетияров, Гипс өңдейтін кәсіпорын басшысы:
Бүгінгі күнде мысалы теміржол тұрып қалып жатыр. Апатты жағдайлар болып жатыр. Бізге тұрғаны ауыр әсер туғызып жатыр. Өніміміз өтпей қалып жатыр. Үміттенеміз мына Индер-Мақат арасындағы теміржол кап ремонттан өтсе ол Индердегі мекемелерге өте көп жақсы әсерін тигізер еді.
Жоба жетекшілерінің айтуынша ұзындығы 160 шақырымдық Индер-Мақат теміржолы толық жаңғыртудан өтеді. Қалғанына жаңа теміржол салынады. Барлық жұмыстарды 2028 жылы аяқтау көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы