Brexit: Ұлыбритания ЕуроОдаққа қайта қосыла ма?
Brexit туралы референдумның өткеніне 10 жылға жуық уақыт өтті. Алайда Ұлыбританияның Еуропалық Одақпен қарым-қатынасы қайта күн тәртібіне шықты. Лондон Брюссельмен байланысты нығайтуға кірісті. Бұл саяси бағыттың өзгергенін білдіре ме? Әлде интеграцияны тереңдетудің жаңа үлгісі талқыланып жатыр ма? Бұл сұрақтың жауабын халықаралық шолушымыз Арай Төлегенқызынан сұрап білсек.
Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуды таңдағанына он жылға жуықтады. Алайда соңғы кездері корольдіктің саяси элитасы Одақпен байланысты тереңдету мәселесін ашық көтеріп жүр. Тіпті 27 ел мүше блокқа қайта қосылуды жоққа шығармайтын мәлімдемелер де жасалды. Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернемнің пікірінше, Brexit ел күткен пайдасынан гөрі, керісінше зиянын тигізген. Иә, ендігі мәселе – Одақпен қарым-қатынастың болашақ моделін қайта қарау.
Энди Бернем, Ұлыбританияның премьер-министрі:
Ұлыбританияны жарқын болашаққа жетелегім келеді. Экономиканы қайта жандандырып, халық үшін өмір сүру шығындарын, соның ішінде энергияға төленетін ақыны азайтқым келеді. Бұған ең ірі нарығымыз Еуропалық Одақпен оң және конструктивті қарым-қатынас құру арқылы қол жеткізуге болады.
Бұл мәселенің көтерілуіне Brexit-тің экономикалық салдары ықпал етті. 2016 жылы Еуропалық Одақтан шығуды қолдаған британиялықтар егемендікті нығайту, көші-қон саясатын бақылау және экономикалық дербестікке қол жеткізуді армандаған еді. Алайда кейінгі жылдары саудадағы кедергілер мен бизнеске түсетін шығындар артып, экономикалық қиындықтар туындады. Ал Ресей мен Украина соғысы, АҚШ-тың тариф саясаты, Қытайдың маңызды минералдар жеткізу тізбегіндегі үстемдігі және Таяу шығыстағы шиеленістер халықаралық тәртіпті қайта қалыптастырып жатыр. Осындай тұста Еуропа Одағы мен Ұлыбритания үшін бір-бірінен алшақтау емес, тығыз ынтымақтасу маңызы арта түскендей.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия президенті:
Бізді қоршаған әлем жылдам өзгеріп жатыр. Бұл тұста Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания арасындағы тығыз және берік серіктестіктің де маңызы одан сайын артты. Бұл екі тарапқа да тиімді болмақ.
Жақында Брюссельде Ұлыбритания - ЕуроОдақ саммиті өтті. Сол кездесуде тараптар нақты қандай келісімдерге қол жеткізді?
Лондон мен Брюссельдің жақындасуы сөз жүзінде ғана емес, келісімдер арқылы да көрініс тапты. Жақында өткен саммитте тараптар азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің саудасындағы кедергілерді азайту, жастар алмасу бағдарламасы аясында екі тараптан 100 мың жасқа үш жылға дейін білім алу, жұмыс істеу және саяхаттау мүмкіндігін беруге уағдаласты.
Ұлыбритания мен Еуропа арасындағы қарым-қатынас келешегі қандай болмақ? Сарапшылардың пікірі қандай?
Алдағы уақытта Лондон мен Брюссель арасындағы байланыстар біртіндеп тереңдей түсуі мүмкін. Тараптар саяси дербестікті сақтай отырып, экономикалық, энергетикалық, қауіпсіздік, білім беру және қорғаныс салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық бермек. Сондықтан Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ Брекситтің осал тұстарын азайтып, өзара мүдделерге негізделген жаңа қатынас моделін қалыптастыру ықтималдығы жоғары.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы