Маңғыстауға республикалық «Денсаулық» пойызы келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауға республикалық «Денсаулық» пойызы келді

14.09.2018

Білікті мамандардан құралған медициналық бригада бір аптадан бері темір жол бойындағы елді мекендер тұрғындарына тегін көмек көрсетіп жатыр. Осы уақытқа дейін 2000-ға жуық ауыл тұрғыны дәрігерлік тексеруден өтіп, кеңес алып үлгерді. Бүгін пойыз Шетпе станциясына келіп тоқтады. Енді 2 күн бойы дәрігерлер осы ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аталған жоба «Самұрық-Қазына» АҚ мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. 

Ауылға «Денсаулық» пойызы келеді дегенді ести сала шетпеліктер ерте келіп кезекке тұрған. Әрқайсысының әр түрлі шағымы бар. Алмаш Тұңғарованың денсаулығы сыр бергелі біраз болыпты. Облыс орталығынан шалғайда тұратын кейуана мамандарға қаралып, көңілі жайланды. 

Алмаш Тұңғатарова, Шетпе кентінің тұрғыны:

- Көзімді, қолымды қараттым. Іш құрылысымды тексерді. Дәрі-дәрмектер жазып берді. Біз үшін облыс орталығына бару қиын. Мынау жақсы болды.

Пойызы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Узи, рентген аппараттары да бар. Білікті терапевт, педиатр, невропатолог, лор, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және стоматолог дәрігерлер жұмыс істейді. 

Әлия Әбдішева, «Денсаулық» пойызының басшысы:

- Маңғыстауда шалғайда орналасқан ауылдар көп екен. Сондықтан, медициналық көмекке мұқтаждық жоғары.

«Денсаулық» пойызының дәрігерлері маңғыстаулықтарға қыркүйектің 25-не дейін медициналық көмек көрсетеді. Кейін пойыз Атырау облысына жол тартады. Онда дәрігерлер бригадасы қыркүйектің 27 мен қазанның 13 аралығында жұмыс істейді. 16 қазанда Қызылорда облысына барса, 5 қарашада Түркістан жеріне ат басын тірейді. Соңғы меже - Алматы облысы. «Денсаулық» пойызы Жетісуға қарашаның соңында жетеді. 

Маңғыстау өңіріне аялдаған 20 күн ішінде дәрігерлер темір жол бойында орналасқан 12 ауылдағы 15 мыңдай адамды қамтуды көздеп отыр. Шетпеден кейін медициналық пойыз 15-де Ералыға, 16-да Жетібайға, 18-і күні Жаңаөзенге барады. Одан әрі Болашақ, Опорный және Толтыр станцияларына аялдайды.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу