Ажал соңы дауға ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ажал соңы дауға ұласты

04.09.2018

Маса шаққаннан кейін ауруханаға өз аяғымен келіп, екпе алып, сол жерде тіл тартпай кеткен 28 жастағы келіншектің қайғылы жағдайы туралы естіген ел дүрлігуде. Дәрігерлер барлық процедура стандарттарға сай жүргізілді деп ақталады. Ал, марқұм Мақпал Еспенбетованың жақындары  дәрігерлердің сөзіне сенбейді, әрине, оған негіз де жоқ емес.

Тамыздың 30 күні кешкісін маса шаққан Мақпал Еспенбетованың түнде беті ісіп, келер күні ауруханаға бармасқа амалы қалмайды. Отбасымен бірге ол №1 қалалық ауруханаға келеді. Дәрігерлер ауруханаға жатып емделу керектігін айтқан. Дегенмен, ол өз еркімен бас тартып қолхат жазып берген. Ақ халаттылар алғашқы көмек жасап, дәрі егеді. Өкінішке қарай осыдан соң бойжеткен тіл тартпай кетті.

Марат Әбдуов, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

- Ол біздің еккен дәрілерді бұрын қабылдап жүрген. Кетаролды да, супрастинді де. Яғни, оның аллергиясы болмаған. Бірден тәртіп сақшылары шақырылды. Еккен дәрілердің ампулалары тәркіленді. Тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 

Марқұмның жақындары бұл жерде бір бүкпе бар деп күдіктеніп отыр. Айтуларынша, дәрігерлер қателік жіберген болуы мүмкін. Себебі, сау адам аяғымен кірген ауруханадан дәрігерлердің көмегінен соң мәйіт болып шығуы бекер емес.

Роллан Еспенбетовтың күдігін біз №1 аурухананың бас дәрігеріне жеткіздік. Сондағы алған жауабымыз мынадай:

Марат Әбдуов, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Қазір бұл сұраққа жауап беруге дайын емеспін.

Марқұмның жақындары істі соңына дейін жеткіземіз деп отыр. Шынымен, бұл жерде мамандардың қателігі болса, «ертең өзгенің де өліміне себепкер болуларына жол бермейміз», - дейді олар.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу