Ақмола облысында тегін дәрі-дәрмек кеш жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында тегін дәрі-дәрмек кеш жеткізіледі

26.07.2018

Ақмола облысында тегін дәрі-дәрмек уақытылы жеткізілмейді. Өңірде биыл мемлекет тарапынан қаралған ақысыз препарат алатын тұрғындардың қатары 10 мыңға артып, 58 мың адамға жеткен. Осыған орай тегін дәріге жұмсалатын қаржы көлемі де ұлғайған. Бірақ, дәрі-дәрмекті науқастарға айлап күтуге тура келеді.

Станционный кентінің 72 жастағы тұрғыны Ырысты Есіркепова ІІІ топтағы мүгедек. Қан қысымы жиі жоғарылап кете беретін қария күнделікті дәрі қабылдауға мәжбүр. Бірақ, кардиолог маманның жазып берген препараты дәріханада жоқ болып шықты.

Ырысты Есіркепова, Станционный кентінің тұрғыны:

- Жазып береді, жазуында кемістік жоқ. Бірақ, дәріні алуымыз сирек. Көбі болмайды. Енді міне, сатып алуға тура келіп тұр. Өйткені, қан қысымым көтеріліп кетсе жүре алмай қаламын.

Көкшетау қаласындағы №1-ші емханаға қарасты 14 мың 631 науқасты биыл тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарланған. Мекеме басшылығының айтуынша, қазіргі уақытта емхана сырқаттардың 80 пайызын ақысыз препаратпен қамтып отыр.

Әйгерім Кәрімова, №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Әрине, дәрі жетіспеушілігі кездеседі. Бір дәрінің күн сайын дәріханада болуы мүмкін емес. Бірақ, науқас бір айға жететін дәрі көлемімен қамтамасыз етіледі. Тегін дәрі айдың басында беріледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар болса, бүгінде жағдай реттелген деп отыр. Ал, препараттарды жеткізу проблемасы тек жыл басында туындаған.                

Болат Әбішев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Жылдың алғашқы айларында шынымен де дәрі-дәрмек жеткізуге байланысты кешігулер болды. Жеткізу жағынан қиындықтар кездесті. Шағымданушы тұрғындар да болды. Мүмкіндігіне қарай бұл мәселені шештік. Қазір бұл жағдай бір ретке келді деуге болады.

Облысқа биыл тегін дәрі-дәрмек сатып алуға республика қазынасынан 4 миллиард 800 мың теңге қарастырылса, соның 1 миллиард 688 миллионы игерілген көрінеді. Әрі осыған дейін тегін препараттар Денсаулық басқармасы тарапынан жеткізілетін болса, биылдан бастап бұл іске жеке қамтамасыз ету мекемелері жауапты. Сондықтан да, шаруа ширап, әбден жолға қойылғанша Ырысты апай тәрізді дәріні керек кезінде ала алмай жүретін тұрғындар қатарының көбеюі ғажап емес.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу