Түркістан облысындағы ауруханаға «Триаж» жүйесі енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы ауруханаға «Триаж» жүйесі енгізілді

10.07.2018

Түркістан облысы Шардара аудандық орталық ауруханасында елімізде алғашқы болып, «Триаж» жүйесіне негізделген жедел медициналық көмек көрсету орталығы ашылды. Ауруханаға кіребіріс ғимарат етіп салынған орталықта өміріне қауіп төнген науқасқа шұғыл ем жасалады. Бұл жерде бұрынғыдай науқас алдымен тіркеуге алынып, одан соң әр дәрігердің қарауына барып жүрмейді. Бірден төсекке жатқызылып, экспресс зертхана арқылы қажетті сараптамалар жасалады. Сол мезетте диагнозы анықталып, интенсивті терапиялық ем шаралар жүргізіледі. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық орталықта операция жасауға да мүмкіндік бар. Орталықты салуға 15 миллион теңге жұмсалды. Бұл қаржыны үнемдеу және ақылы негіздегі жұмыстардан түскен ақша. Жаңадан іске қосылған жүйе адам өлімін азайтуға, медициналық қызмет сапасын жақсартуға негіз болмақ. Аурухана Шардарадағы 80 мыңға тарта тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді.   

Жанар Оспанова, Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Одан бөлек, ақпараттық жүйеге сәйкес SOS жүйесі іске қосылып отыр. Бұл жүйенің артықшылығы, тиісті мамандарды тез, шұғыл түрде дабыл қағу арқылы шақыруға мүмкіндік береді.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу