Дәрігерлеріміз Чехияда өтетін әлемдік доп додасына жолдама алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлеріміз Чехияда өтетін әлемдік доп додасына жолдама алды

15.06.2018

Биыл футболшыларымызға Әлем чемпионатына бару бұйырмады. Есесіне дәрігерлеріміз Чехияда өтетін әлемдік доп додасына жолдама алды. Ақ халаттылардың қазақстандық құрамасында 25 дәрігер-футболшы мен бас бапкер бар. Олар өткен аптада өзбекстандық дәрігерлерді тізе бүктіріп қайтты. Алдағы әлемдік сайыстан да жүлде алмай қайтпаймыз деп отыр.

Қазір дәрігерлердің футбол құрамасы Алматыда жаттығу өткізуде. Оның құрамында барлық өңірлік өкілдері бар. Биыл бірінші рет медицина мамандарының республикалық турнир ұйымдастырылып, кіл мықтылар іріктелді. Дәрігерлер құрамасы өткен аптада өзбекстандық әріптестерімен ойын өткізіп, бірде нөл есебімен жеңіп келді. Ендігі мақсат - Әлем чемпионатында бақ сынау.

Ғалымжан Әбілов, Алматы қаласы №4 емхананың дәрігері:

- 22 мемлекет өтінім берген. Оның ішінде Австарлиядан бастап Бразилияға дейін барлық елдер бар. Азиядан үш мемлекет, Еуропадан тоғыз мемлекет. Солтүстік, Оңтүстік Америкадан, Австралиядан құрамалар бар. Ақтөбе облысының үш ойыншысын, Жамбыл облысынан, Шымкенттен, Ақтөбеден ең мықты дәрігерлерді құрама командаға шақырып отырмыз.

Атымтай Туғанбаев Алматыдағы №5 емхананың дәрігері. Құрамадағы ақсақал ойыншы, қорғаушы шебінде. Жасы 58-де. Ауыр операция мен қиын жұмыстан кейін міндетті түрде доп қууды әдетке айналдырған.

Атымтай Туғанбаев, Алматы қаласы №5 емхананың дәрігері:

- Мен естімейтін балалармен жұмыс істеймін. Құрама командаға енгеніме өте қуаныштымын. Әлем чемпионатына бірінші рет барайын деп тұрмыз. 

Дәрігерлер құрамасына республикалық турнирді ұйымдастыруға және Әлем чемпионатына қатысу шығындарын өтеуге медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қолау көрсеткен.

Бақытжан Тәжібай, Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы төрайымының орынбасары:

- Біз министрліктің қолдауымен осы жарысты ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық. Сөйтіп, барлық өңірден келген дәрігерлер арасында республикалық құрама құрылды. Оның ішінде барлық өңірден спортшылар бар.

Чехиядағы медицина мамандарының футболдан Әлем чемпионаты осы айдың 30-ы мен шілденің 8-і аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы алтын немесе күміс жүлдеден үміттіміз деп отыр.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу