Үржар орталық ауруханасының жауапты тұлғалары жіберген кемшіліктері үшін жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үржар орталық ауруханасының жауапты тұлғалары жіберген кемшіліктері үшін жазаланады

24.01.2018

Шығыс Қазақстан облысының Үржар орталық ауруханасының жауапты тұлғалары жіберген кемшіліктері үшін жазаланады. Шолпан ауылында балалар арасында тіркелген  «А» гепатитіне»  қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген арнайы комиссия бірқатар олқылықтарды анықтады.  Дәлірек айтсақ, аурухана басшылығы жергілікті халыққа сапалы медициналық қызмет көрсете алмаған, емдеу мекемесінде санитарлық талаптар сақталмаған. Сондай-ақ, қыркүйек пен қаңтар аралығында 46 адам тексеруден өтіп, 25-і аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған. Олардың 12-де «А гепатиті» диагнозі расталған. Бұдан өзге, Шолпан ауылының дәрігерлік амбулаториясына тағы 19 адамның медициналық көмекке жүгінгені анықталды. Алайда, аудандық аурухананың бас дәрігерінің немқұрайлылығынан бұл туралы тиісті орындарға хабарланбаған. Сәйкесінше, олар ресми статистикаға енбеген. Қазір бұл науқастар ем алды, олардан қауіп жоқ. Ал, гепатиттен көз жұмған қыз баланың өліміне қатысты тексеру жұмыстары әлі жалғасуда.  

Нұрланғазы Ибраев, комиссия төрағасы:

- Енді бір комиссия болады. Оның шағымы Денсаулық сақтау басқармасына кеше ғана түсті. Сондықтан, 2-3 күнде ойластырып, тез арада құруға тырысамыз. Себебі, ең басты, ең маңызды сұрақ - мына жағдайды тоқтату керек.

Хабарламаларға жазылу