Медицина кадрларын дайындау - өзекті мәселе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицина кадрларын дайындау - өзекті мәселе

18.04.2014
Медицина кадрларын дайындау - өзекті мәселе
Бүгінде еліміздің қай өңірін алып қарасақ та, медицина мамандарының жетіспеушілігі айқын сезіледі. Осының салдарынан  денсаулық саласындағы қызметте де олқылық көп.
 
Өзекті мәселелердің түйінін шешу мақсатында Семей Мемлекеттік медицина университетінде жұмыс берушілердің ІІІ съезі мен бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Іс-шара барысында   денсаулық саласы қызметкерлерін дайындау сапасын арттыру, жас кадрларды жұмыспен қамту сынды мәселелер қаралды.
 
Бүгінде бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша 334 дәрігердің орны бос. Көршілес Павлодар облысында да 70-ке тарта маман жетіспейді. Ал, қаладан шалғай жатқан елді мекендерде дәрігер тапшылығы тіптен өзекті.
 
Жексенбай Тілеуберлин, Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
Бұл съезден күтеріміз -  Үржар ауданы сияқты  шалғайдағы жатқан ауылдарға маман өте қажет. Үржар ауданына акушер-гинеколог, педиатр қажет.
 
Университет басшылығының сөзіне сүйенсек, алдағы екі жылда облыстағы дәрігерлер жетіспеушілігін жоюға болады. Биыл оқу орнынан 500-ден астам жас маман түлеп ұшпақшы. Солардың басым көпшілігі ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс берушілермен келісімшартқа қол қойды.
 
Ернар Сүлейменов, студент:
 «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Аягөз қаласына, яғни, туған жеріме жұмысқа бармақшымын. Өзімнің еліме еңбегім, көмегім тиетін болса, нұр үстіне нұр болар еді.
 
Халық денсаулығын жақсартып, өмір сүру жасын арттыру жайы қаузалып отырған шақта медицина мамандарына артылған жауапкершілік жоғары. Оған қоса білікті кадрларды дайындау да - оқу орындарының алдында тұрған үлкен сын.
 
«Сондықтан ел болашағы үшін жауапкершілікті іске бел шеше кірісеміз», дейді съезге қатысушылар.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу