Ұйқысыздық – аурудың басты белгісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұйқысыздық – аурудың басты белгісі

05.12.2017

Ұйқыңыз қанбай ма, әлде түнде жиі оянасыз ба? Мұндай белгілер байқалса, ағзаңызда қандай да бір аурудың нышаны болуы әбден мүмкін. Сол себепті де Израильден келген сомнолог мамандар кешенді диагностикалау жұмыстарын ерте жүргізу қажеттігін айтады. Шетелде ұйқысыздық ауруын емдейтін орталықтар әлдеқашан ашылған. Ал, біздің елде бұл кеш дамыған сала. Алматы және Астана қалаларында ғана «Ұйқы зертханасы» жұмыс істейді. Мұндағы мамандар соңғы екі жылда 1000-ға жуық науқастың дертін анықтаған. Барлық емшара құрылғылардың көмегі арқылы науқас ұйықтаған сәтте жүргізіледі. Келушілердің басым бөлігі зерттеуге сәйкес жүрек, ми-қан тамырлары жұмысы, диабет, семіздік ауруларына шалдыққан жандар.

Әлфия Әбжанова, ҚР Президент іс басқармасы медициналық орталығы функциялық диагностика бөлімшесінің дәрігері:

- Бұл бізде бүгін тексеруден өткен науқастың зерттеу нәтижесі. Көрсеткіш бас миының жұмысы, көз қарашығы, ал, сызықтар жүрек қағысын көрсетіп тұр. Ары қарай аяқ-қолдарының қозғалысы, қандағы оттегі, және өзге де мүшелердің бір түнде қалай жұмыс істегенін көруге болады. Науқастың тыныс алуы қалыпты емес. Біз мұндай жандарды диагнозға сай басқа дәрігерлерге жібереміз.

Марина Сигал, «Ассута мо» Ұйқы институты директорының орынбасары:

- Мұндай сала бар екенін ешкім біле бермейді. Ал, шын мәнінде адамның ояу кезінен қарағанда ұйықтап жатқан сәтінде көптеген дерттің себеп-салдарын анықтауға болады. Сіздердегі зертхана заманауи жарақтандырылған. Тек емделушілер уақтылы тексерілсе болғаны.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу