Бедеулікке әкеп соқтырып жатқан жаңа себеп – отбасын кеш құру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бедеулікке әкеп соқтырып жатқан жаңа себеп – отбасын кеш құру

31.10.2017

Елімізде бедеулік белең алды. Мамандар осылай деп дабыл қақты.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемдегі ерлі-зайыптылардың 15-20 пайызы осы дертке шалдыққан. Сондықтан, дәрігерлер  бедеуліктің алдын алудың ең тиімді жолы заманауи емдеу әдістері мен озық технологияны қолдануды ұсынды.

 

Эмбриолог-репродуктологтар індеттің алдын алу үшін қазір қандай тәсілдерді қолданып жатыр? Бұл жайлы Нұрлан Асқарұлы айтады.

 

Жүзін көрсетпеуді өтінген Жансая тұрмысқа шыққаннан кейін 15 жыл бойы бала көтере алмай жүрген. Сол аралықта дәрігерлерге қаралып, емшілерді жағалаған. Бірақ, олардан еш қайыр болмапты.

 

Дегенмен балажан келіншек сәбилі болам деген үмітін үзбеді. Сөйтіп, тынымсыз ізденген ол репродуктолог маманның кеңесіне жүгінді. Нәтижесінде, 35 жасында ана бақытын сезінді. Қазір оның қызы Салтанат бір жастан асты.

 

Жансая, емделуші:

 

- Бұл жерде қорқатын түк жоқ. Қазіргі жастарға шынымен-ақ өте жақсы мүмкіндік. Мен ешқашан үмітімді үзген емеспін. Ана болатынымды сездім. 15 жыл аз уақыт емес.   Білікті мамандардың арқасында арманыма жеттім, арманым орындалды. Енді, Алла қаласа, тағы да екінші балама келемін.

 

«Бедеулік пен белсіздікке шалдыққандар көбейді», дейді мамандар. Олардың сөзінше, қоғамдағы түрлі жағдайлар себеп.

 

Дұрыс күтінбеу, суық тигізу, аборт жасату да бедеулікке әкеп соғады. Жігіттердің отбасын кеш құруы, қыздардың тұрмысқа кеш шығуы да бедеуліктің әлеуметтік бедеулік деген жаңа түрінің пайда болуына да негіз болған.

    

Салтанат Байқошқарова, клиника директоры:

 

- Отбасы болғаннан кейін жас келіншек 12 айдың ішінде бала көтермесе, онда ол дәрігерге баруы керек, негізі репродуктолог дәрігерге. Бірақ, репродуктологтар аз. Осыған байланысты аймақтағылар гинекологқа барғаны жөн. Тексеруге 1 айдан 3 айға дейін уақыт кетеді. Одан кейін көп болса, бір жыл, жарты жыл емделу керек. Кейін бәрібір репрудоктолог мамандарға бару міндетті.

 

Жалпы, қазір еліміздегі әрбір 5-ші отбасы бедеуліктен зардап шегіп отыр. Отандық дәрігерлер оның емін тапты.

 

Сондықтан мамандар сәби сүйе алмаған отбасыларды репродуктологтар уақытылы қаралуға кеңес береді. Қазір 37 жасқа толған Жансая әйел бақытын кеш сезінсе де, еш өкінбейді. Өйткені, ол бедеулікті жеңе білді.

 

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу