Түркиямен медицина саласындағы ынтымақтастық дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиямен медицина саласындағы ынтымақтастық дамып келеді

26.07.2014
Түркиямен медицина саласындағы ынтымақтастық дамып келеді

Түркия - медицинасы қарқынды дамыған елдердің бірі. Сондықтан түрік ағайындардан үйренеріміз көп. Бауырлас елмен біздің мамандар тәжірибе алмасып тұрады. Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің клиникалық диагностикалық орталығы бірнеше жылдан бері Түркияға дәрігерлерін жіберіп, шеберліктерін шыңдап жүр. 

Қожа Ахмет Яссауи атындағы университет өзінің клиникасы бар еліміздегі санаулы оқу орындарының бірі. Бұл бағытта Түрік елінің тәжірибесі мол. Әрбір жоғары оқу орнының медициналық мекемесі бар. Қазақ-түрік университеті Түркияның атақты «Гази», «Хаджетепе» және «Йылдырым Беязит» клиникаларымен   тығыз байланыс орнатқан. Аталған білім ордаларына жылда дәрігерлер жіберіп, біліктілігін арттырады.

Шүкрү Айкон, Гази университеті клиникасының бөлім меңгерушісі:

Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің халықаралық білім беруге лайық екенін дәлелдей білген оқу орны. Университет аясында жұмыс істеп тұрған клиника қазір мықты мамандар дайындап жүр. Бізге келген дәрігерлер соңғы технологияны оңай меңгеріп алды. Тіпті өте күрделі ми және омыртқа операцияларына қатысып, біліктілігін көрсетті. Қазақстанның медицина саласындағы жетістігін естіп жүрміз. Сіздердің әсіресе, жүрекке операция жасаудан тәжірибелеріңіз мол.

Әсет - Гази  аурухасының нейрохирургия бөліміне тәжірибе алмасуға келген дәрігеріміз. Енді ол Түркияда екі жыл бойы білімін шыңдайды. Түрік елінің өз саласы бойынша қолданатын технологиясын жоғары бағалап отыр. Осы жақта соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жұмыс істеу әдісін меңгеріп, кейін ел кәдесіне жаратамын, дейді.

Әсет Қыдыров, нейрохирург: 

Омыртқаның кіші инвазивті хирургиясы, омыртқаның эндоскопиялық хирургиясы біздің елде дамыған. Бірақ, Түркия еліндегідей айтарлықтай жоғары деңгейде емес. Бізде осы әдістерді, тәсілдері меңгеріп алып, өз елімізде де дамытсақ па, деген ойдамыз.            

Түркиялық дәрігерлер университет клиникаларын дамытуды мықтап қолға алу керек, деп кеңес беріп отыр. Себебі, бұл медициналық мекемелердің білікті дәрігерлер дайындауда үлкен үлес қосатыны сөзсіз, дейді олар.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу