Дәрі-дәрмекті заңсыз сатқандар үшін жаза күшейеді

17.07.2014
Дәрі-дәрмекті заңсыз сатқандар үшін жаза күшейеді

Енді жалған дәрі-дәрмек сатқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл Қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулерде анық көрсетілген.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай деді. Бүгінде жалған дәрі-дәрмектің әлемдік айналымы артып, 75 миллиард долларды құрап отыр.

Оңай олжаның есебінен байығысы келетіндер бізде де баршылық деген бас дәрігер тұрғындарға сақ болуды ескертті. Оның айтуынша, әрбір екінші қазақстандық антибиотиктерді дәрігердің рұқсатынсыз қабылдайды. Бұған қоса, азаматтарымыздың 42 пайызы дәріні жарнамаға сеніп сатып алады екен.

Денсаулыққа осыншалықты салғырт қараудың соңы қайғыға алып келеді. Сол себепті дәріханаға барғанда алдымен шығарушы туралы мәліметпен, тауар сипаттамасы және тағы басқа ақпараттармен жан-жақты танысып алған жөн.

Ішкі жағдайды реттеп алмай, сырттан келетін қауіпке қарсы тұру қиын дейді, мамандар.

Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жалған дәрілік заттар айналымының 51 пайызы Азия елдеріне тиесілі. Ал Қазақстанның фармацевтикалық нарығына географиялық көршіміз Қытайдан үлкен қауіп төніп отыр.

Өйткені, контрафактілі дәрілердің басым бөлігі осы елден жеткізіледі. Сондай-ақ, мұндай жағдайдың туындауына Қазақстанның импортқа тәуелділігі өз әсерін тигізуде.

Досымжан ЕРМҰРАТ

 

Хабарламаларға жазылу