Дәрігерлер 705 литр антисептикті заңсыз сатуға әрекеттенген

30.09.2020
Дәрігерлер 705 литр антисептикті заңсыз сатуға әрекеттенген

Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, елде дәрі-дәрмекті заңсыз сатуға әрекеттенген адамдарды ұстағанын хабарлады.  

Ішкі істер министрлігі әртүрлі рейд аясында Қазақстан бойынша дәрі-дәрмекті заңсыз айналымға түсірген 605 адам қолға түскенін және олардың арасында неше адам медицина қызметкері екенін жария етті.

«Президенттің тапсырмасына орай, дәрі-дәрмекті заңсыз сатуға қатысты 933 факт тіркедік. 98 мың медициналық препарат, жарты миллионға жуық маска, 41 мыңнан астам медицина бұйымдары, соның ішінде, медициналық қолғап, градусник және тағы басқалар, 705 литр антисептик заңсыз айналымнан алынды. Осы бұйымдарды заңсыз сатпақ болған 605 адам, соның ішінде, 349 медицина қызметкері полицияға түсті», - деп хабарлады Ерлан Тұрғымбаев.

Жалпы, Ішкі істер министрлігі елдегі карантиннің сақталуын қадағалайтын орган. Тұрғымбаевтың мәліметіне сүйенсек, күн сайын 10 мыңға жуық полиция қызметкері, Ұлттық ұлан әскерлері мен 1000 ерікті елдегі карантин шараларын бақылауға жұмылдырылады. Ішкі істер министрлігі карантинді көп бұзатын аймақтардың алдында Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы тұр деп мәлім етті.


Хабарламаларға жазылу