Ақтауда хирургиялық орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда хирургиялық орталық ашылды

10.07.2014
Ақтауда хирургиялық орталық ашылды

Ақтауда хирургиялық орталық ашылды. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа нысан толықтай озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Науқасқа шалдыққан жандар енді алысқа ұзамай-ақ, күрделі оталарды осында жасататын болады.

Хирургия орталығы 3 қабатты еңселі ғимаратта орналасқан. Сонымен қатар, орталықта 10 операция залы, жансақтау бөлімі және хирургиялық бөлімшелер бар.

Барлығы да Еуропаның заманауи үлгідегі озық техникасымен жабдықталған. Енді науқастар берісі Астана мен Алматыға, әрісі шетелге сабылмайтын болды.

Мұнда жеңіл медициналық қызмет көрсетуден бастап, жүрек алмастыру сияқты күрделі операцияға дейін жасауға толық мүмкіндік бар.

Жеткерген Арзықұлов, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры:

Алматыда кейбір республикалық орталықтарда операциялық блок жоқ. Мықты хирургиялық тәжірибе алаңы болады деп сенім білдіреміз. Оған толық мүмкіндік бар.

Орталықта 100-ге жуық маман еңбек етеді. Арасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерден білім алған білікті жастар да бар.

Жеңіс Қозыбаев, кардиохирургия орталығының жетекшісі:

Бұл орталық шетелдің айтулы клиникаларына дес бермейді. Біздің тек Маңғыстау тұрғындарына ғана емес, батыс аймаққа хирургиялық ем жасауға қауқарымыз бар.

Науқастарға қажетті оттегі орталықтандырылған жүйемен жіберіледі. Мұнда Күн көзінен қуат алатын жарық шамдар іске қосылған.

Соңғы 2 жылда Маңғыстауда 1 жасқа дейінгі 20-ға жуық сәбиге, сондай-ақ, 90 жасөспірімнің жүрегіне операция жасалған.

 Жаңа орталықта медициналық қызмет көрсетудің сапасы анағұрлым артатын болады. Ең бастысы, жанына шипа іздеген науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік туып отыр.

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу