Алғыс арқалаған абзал жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғыс арқалаған абзал жандар

14.06.2014
Алғыс арқалаған абзал жандар
Бүгін еліміздегі барша дәрігерлер қауымын Денсаулық сақтау министрі құттықтады. Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға республиканың түкпір-түкпірінен ақ халаттылар жиналды. «Өз кәсібінің үздігі» деп аталған республикалық байқаудың жеңімпаздары 8 номинация бойынша марапатталды.
 
Шыны керек, еліміздегі денсаулық сақтау саласына кейбіреулердің көңілі толмай жатады. Алайда, бұл саланың жеткен жетістігі ұшан теңіз. Ауруханалардың қазіргі заманғы техникамен жабдықталғанын айтпағанның өзінде, жасалып жатқан күрделі операциялардың өзі неге тұрады. Соңғы үш жылда 5 адамның жүрегі ауыстырылса, өткен бір жылдың өзінде 150-ден астам науқасқа бүйрек алмастырылды.
 
Салидат Қайырбекова,  ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бұл жетістіктерге Үкімет қабылдаған бағдарламалардың арқасында жеттік. Елбасы өз Жолдауында еліміздің денсаулық саласына үнемі ерекше мән береді. Қазір «Саламатты Қазақстан» жобасының бірінші кезеңі тиімді жүзеге асты. Кейбір жұмыстар уақытынан бұрын орындалды. Мұның барлығы медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі.
 
Салтанатты жиында «Өз кәсібінің үздігі» сайысының жеңімпаздары марапатталды. «Ана мен бала» орталығының акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі Талшын Үкібасова «Үздік тәуелсіз сарапшы» атанды. Оның қызметі дау туа қалған жағдайда екіжақты ымыраға келтіру. 4 жыл ішінде 70-ке жуық даулы жағдайдың көбі науқастың пайдасына шешілген.
 
Талшын Үкібасова, Ана мен бала орталығының акушерлік және гинекология бөлімінің жетекшісі:
Оның ішінде 46 сот мед-экспертизамен байланысты. Жақсы аяқталған жағдайлар да бар. Өліммен аяқталған жағдайлар да бар. Менің ойымша, менің өзім шешімді бергенде ең бірінші маңыздысы пациенттің құқығы.  
 
Биылғы жылдың үздік дәрігері Атыраудан шықты. Байқауға 20-дан астам үміткер қатысты. Талаптары да оңай емес. Дәрігерлердің біліктілігі мен білімі тест арқылы анықталған.
 
Гүлзира Қази, Атырау облысы, Қызылқоға аудандық ауруханасының дәрігері:
Мен өзім үміттендім. Сол жолда біраз еңбектендім. Және сол еңбегім зая кеткен жоқ.
 
Ал «Үздік медбике» атағын Ақмола облысының мейірбикесі жеңіп алды. 20 жыл бойы медбикелік қызметті атқарып жүрген Жанардан әріптестерінің үйренері көп-ақ.
 
Жанар Төлеубаева , Көкшетау қаласындағы қалалық емхананың мейіргері:
Бүгін бойым бір жеңілдеп қалды. Себебі, осы уақытқа дейін мойнымда үлкен жауапкершік тұрды. Байқауға бір облыстың атынан бір ғана адамның қатысуы қиын екен. Сондықтан мен барымды салдым. Бұл жеңіс менің қызмет ететін емханама да, әріптестеріме де үлкен мәртебе алып келді.
 
Еліміздің денсаулық сақтау саласында 250 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 65 мыңнан астамы дәрігер, 154 мыңы мейіргер, 13 мыңға жуығы фармацевт. Абзал жандарды бүгін сала басшысымен бірге, еліміздің Премьер-Министрі мен Астана қаласының әкімі де құттықтады.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
 
 
 
 

Хабарламаларға жазылу