Науқас бала қайырымды жандардан көмек күтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Науқас бала қайырымды жандардан көмек күтеді

17.03.2014
Науқас бала қайырымды жандардан көмек күтеді

Қызылордалық Сағындық Жұмаш қайырымды жандардан көмек күтеді. Өйткені, оның миындағы қатерлі ісікті емдеу оңай болмай тұр. Шетелге бару үшін мол қаражат керек. 

 
Сағындықтың жалғызілікті анасының қомақты қаржы табуға қауқары жоқ. Бала болса, күннен-күнге нашарлап барады.
 
Сағындық осыдан 5 жыл бұрын жазғы тынығу лагеріндегі демалыс кезінде құлап, басынан жарақат алған еді. Дәрігерлер алғашқыда «іріңді минингит»  деген диагноз қойды. Содан мидан сары су алынды, бір жылда бір емес, бірнеше рет ота жасалды.
 
Мидағы жиналған суды шығару үшін бас пен қуықтың арасына түтікше салынды. 18 рет химия, 8 мәрте сәуле емін қабылдады. Бірақ, әлі де Сағындық аяғынан тік тұра алар емес.
 
Шарапат Жолдасбаева, Сағындықтың анасы:
 Шетелге жіберуге болады, ақша тауып барыңдар, дейді дәрігерлер.
 
Бірақ, қарапайым отбасында ақша қайдан болсын? Шарапат баласының емі үшін өздері тұратын үйді де сатты. Енді қазір қайырымды жандарды жағалап, көмек қолын созғандардың босағасын паналап жүр.
 
 Өзі ішіп-жемесе де, бар тапқан-таянғанын Сағындықты аяғынан тік тұрғызуға жұмсайды. Бірақ, сонда да қысқа жіп күрмеуге келер емес.
 
Зағипа Әуезова, Сағындықтың әпкесі:
Үндістанға барып емделсе, жақсы көмек болады, деп айтқан. Енді қалталы, жомарт, мейірімді кісілерден көмек сұраймыз. 
 
Кеше облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағы, Жастар басқармасы мен Қазақстан Студенттер альянсының белсенділері Сағындыққа көмек қолын созу мақсатында қайырымдылық шарасын өткізді.
 
Осы концерттік бағдарламадан түскен 228 700 теңге Сағындықтың отбасына табысталды. Әрине, бұл қаражат әлі жеткіліксіз.
 
«Көп түкірсе көл» деген. Сауапты іс жасаймын, жас баланың қауіпті дерттен айығып кетуіне септігімді тигіземін, деушілер болса, арнайы есепшот ұсынамыз. 
 
Халық Банкі
КZ 836010002005451037
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу